• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
20 Шілде, 2017

Қырғызстан: сайлау «дүбірі» мен «күбірі»

678 рет
көрсетілді

Көршіміз Қырғызстанда кезекті пре­зиденттік сайлауға кандидат ре­тінде тіркелуге ниеттенген үміт­кер­лердің құжаттарын қабылдау бас­талғанына бір айдан асты. Кан­ди­даттардың сайлаушылармен кез­де­сіп, үгіт-насихат жұмыстары 10 қыр­күйек пен 14 қазан аралығында жүр­гізіледі. Ал президенттік сайлау 15 қазанда өтеді.

Қырғыз елі өзінің тәуелсіздігін алғалы бері бірнеше рет парламенттік және президенттік сайлауларды өткізді. Орталық Азиядағы өзге мемлекеттерге қарағанда, Қырғызстанда саяси науқан – сайлаулардың дау-дамайсыз өз деңгейінде өткені өте сирек. Бұл де­мократиялық қоғамға тән нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ, өздері сай­ла­ған парламентті тарату үшін атойлап «атқа қонған» қырғыз ағайын­дар­дың кейбір әрекеттеріне кейде еріксіз бас шай­қайсың. Тіпті егемендігін ал­ған жыл­дар ішінде құдай қосқан көр­ші­міз заңды жолмен сайланған екі пре­зи­дентті күш көрсету арқылы елден «қа­шып» кетуге мәжбүр етті. Әлем­дік қо­­ғамдастық мұны мемлекеттік төң­ке­ріс деп бағалады. 

Биылғы президенттік сайлау нау­қа­ны да аса белсенді және ширыққан жағ­дай­да өтетін сияқты. Өйткені, қазірдің өзінде елдің Орталық сайлау комиссиясына кандидаттыққа тіркелуге құжат тапсырған үміткерлердің қатары 30 адамнан асқан. Олардың 25-тен астамы өзін-өзі ұсынып отыр. Араларында саяси партия жетекшілері де, заңгерлер мен кәсіпкерлер де, университет ректоры да, дипломат та, бұрынғы депутат та бар. 

2011 жылы өткен президенттік сайлауға кандидат ретінде тіркелуге 83 адам өзін-өзі ұсынған еді. Олардың 23-іне ғана кандидаттыққа мандат берілген-ді. Ал елдің қазіргі премьер-министрі Сооранбай Жээнбеков Қырғызстан социал-демократиялық партиясы атынан үміткер болмақ. Атап өтейік, елдің конституциясына сәйкес, бір адам бір рет қана президенттікке сайлана алады. Сондықтан да, Қырғызстанның қазіргі президенті Алмазбек Атамбаев сайлауға қатыса алмайды. Сондай-ақ, Атамбаев мемлекет басшылығына кел­­геннен бері елде біршама саяси тұ­­р­ақ­тылық орнағаны және әлеу­мет­тік-эко­номикалық мәселелерге бағыт­тал­ған бір­қатар реформалар жүзеге асы­рыл­ғаны шындық. 

Сарапшылар бұл жолғы президент­тік сайлауда екінші тур болуы мүмкін екендігін де айтып отыр. Себебі, сайлау науқанына қатысуға ниет танытып отырғандар арасында көпшілікке танымал тұлғалар, кезінде жоғары билік сатысында қызмет атқарған саясаткерлер жетерлік. Мысалы, бұрынғы премьер-министрлер Темир Сариев «Ақ Шумкар» партиясы атынан, Омурбек Бабанов «Республика» партиясы атынан бақтарын сынап көрмек. Бұлардың қатарына, сондай-ақ, парламенттің бұрынғы спикері Ахметбек Келдібеков пен «Ата-Мекен» партиясының же­тек­шісі Омурбек Текебаевты қо­суға бо­­лады. Жоғарыда атап өткен Қыр­ғыз­­станның қазіргі премьер-ми­нистрі Соорон­бай Жээнбековтің де қол­дау­шы­ла­ры аз болмаса керек.  Президенттік сайлау дүбірі шық­қаннан бері осы жылдың 26 ақпанында Біш­кектегі «Манас» әуежайында ұс­тал­ған Омурбек Текебаевқа қатысты мәселе қай­та өршіді. Оған байланысты тергеу-тек­серу ісі әлі жалғасып жатыр. Сот оның қамауда ұстау мерзімін бірнеше рет ұзартқан. Оппозициядағылар билік мұ­ны әдейі істеп отыр, сондағы мақсаты – О.Текебаевты президенттік сайлауға қа­тыстырмау, деген уәж айтады. Ал Текебаевқа сыбайлас жемқорлыққа салынды деген айып тағылған. 

Бірқатар сарапшылар сайлауда «Республика» партиясының жетекшісі, кәсіпкер Омүрбек Бабанов пен қазіргі премьер-министр С.Жээнбековтің сайлауда жеңіп шығу мүмкіндігі жоғары екенін айтады. Ал ел президенті А.Атам­­баевтың қазіргі премьердің кан­ди­датурасын қолдайтыны бұған дейін-ақ белгілі болған. 

Бірақ «Вечерний Бішкек» газетінің оқырмандар арасында жүргізген сауалнама нәтижесіне қарағанда, О.Баба­нов­тың өзге үміткерлерден сәл басым екені анықталған. Кейбіреулер оның мүмкіндігі жоғары бола тұрса да, өзінің сай­лау науқанын белгісіз се­беп­термен тоқ­татты деген болжам жа­сайды. Өйт­кені, оппозициялық көз­қа­рас­та­ғы кан­дидаттарға аяқ астынан айып та­ғы­латыны жасырын емес.

Қазақ пен қырғыз түбі бір туыс, ен­шісі бөлінбеген бауырлас халық. Көр­ші­лес елдегі саяси тұрақтылықтың мы­ғым орнауы, кезекті президенттік сай­­лаудың ойдағыдай өтіп, ел бас­шы­лығына лайықты адамның ке­луін қыр­ғызстандықтармен қатар, қа­зақ­стан­дықтар да күтеді. Ал бұл екі мемлекет ара­сындағы ынтымақтастықты әрі қа­рай тереңдетуге ықпал етеді.

Әлисұлтан Құланбай, «Егемен Қазақстан»